Астаналық 70 адамға Вьетнамға жалған билет сатқан

Nur-Altay Umirzak

Оның жалпы келтірген материалдық шығыны 17 млн теңгеден асқан

Сурет: vietjetair.com

Астаналық тұрғынның алаяқтық әрекеттері салдарынан 70-тен астам азамат Вьетнамға демалысқа бара алмай қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz. Олардың туристік жолдамалары жойылып, жәбірленушілер айтарлықтай қаржылық шығынға ұшыраған.

Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Кінәлі тұлға әуе билеттерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынып, клиенттеріне оларды арнайы байланыс арқылы сатып алатынына сендірген. Алайда, ол шынайы билеттердің орнына жалған маршруттық түбіртектерді берген. Туристер әуе билеттерге тапсырыс жоқ екенін ұшар алдында, әуежайда бір-ақ білген. Зардап шеккендер арасында ересектер де, балалар да бар. Жалпы материалдық шығын 17 млн теңгеден асты. Адамдар тек ақшаларынан ғана емес, көптен күткен демалыстарынан да айырылды – төленген қонақүйлер, экскурсиялар және басқа да шығындар өтелмеген. Алаяқ әйел 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Келтірілген материалдық шығын сотталғаннан өндірілді”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Астана қаласы Нұра ауданының прокуратурасы туристік қызметтер алу үшін төлем жасамас бұрын құжаттарды мұқият тексерудің қажеттігін ескертіп отыр.