4190 бұтасы бар плантация: Қызылордалық тұрғын үйді фитозертханаға айналдырған

Nur-Altay Umirzak

Тәркіленген есірткі құралдарының жалпы салмағы 55 келіден асқан

Сурет: Polisia.kz

Жаңақорған кентінде оның тұрғылықты жерін тінту кезінде 4190 каннабис бұтасы бар плантация анықталды,  деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты бойынша жұмысты жалғастыруда. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісі және Бас прокуратураның бірінші қызметі бірлескен жұмыстың нәтижесінде мамырдың алғашқы онкүндігінде бір синтетикалық және үш фитозертхананың қызметін тоқтатты. Қызылорда облысындағы "Шеп" стационарлық бекетінде қызметтік ит жолаушыдан марихуана салынған ораманы тапты. Жаңақорған кентінде оның тұрғылықты жерін тінту кезінде 4190 каннабис бұтасы бар плантация анықталды.  Тұрғын үй фитозертхана ретінде жабдықталған. Жатын бөлмесінде тағы 14 бұта табылды. Тәркіленген есірткі құралдарының жалпы салмағы 55 келіден асты. Осы фактілер бойынша 91 келіден астам есірткі заттары, оның ішінде 7 келіге жуық синтетика мен есірткі өндіруге арналған бір тонна прекурсор тәркіленді”, –  деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

Қазіргі таңда күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.