Қауіпті қылмыскер Армениядан экстрадицияланды

Nur-Altay Umirzak

Оған 15-20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген

Сурет: Бейнеден кадр

Қауіпті қылмыстарды қайталаған қылмыскер кісі өлтіруге оқталғаны үшін Армениядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Қазақстан Республикасының Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Армения Республикасындағы Елшілігінің көмегімен бұрын бірнеше рет сотталған Қазақстан азаматын кісі өлтіруге оқталу үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Ереваннан экстрадициялады. 2024 жылдың қыркүйегінде Петропавл қаласында аталған тұлға мас күйінде бұзақылық ниетпен жәбірленушінің өмірлік маңызды органдарына пышақпен бірнеше рет жарақат салған, ал оның өмірі шұғыл медициналық көмек көрсету арқылы сақталды. Қылмыс жасағаннан кейін шабуылдаушы қылмыстық қудалау органдарынан қашып кеткен, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланған. Өткен жылдың қазан айында ол Армения аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланған”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазір күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды. Айыптау қылмысын жасағаны үшін мүлкін тәркілеу арқылы он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген.