Әкімдіктің жалған қаулысы: Алматылық кәсіпкер жалға алған жер телімін сатып жіберген

Nur-Altay Umirzak

Ол жер телімдерін үшінші тұлғаларға 1,3 млрд теңгеге саудалап жіберген

Сурет: Бейнеден кадр/Қаржы мониторинг агенттігі

Алматы қаласында А.К. Әбдіжапаровқа қатысты мемлекет меншігіндегі жер телімдерін алаяқтық жолмен иемдену дерегі бойынша айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аталған қылмыстық істі ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті мәлімдеді.

“Анықталғандай, Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен уақытша пайдалану құқығы негізінде «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға Жуков көшесі, 67-учаске (2,3 га) және Жамакаев көшесі, 77-учаске (6,3 га) мекенжайларында орналасқан жер телімдері 5 жыл мерзімге берілген. Бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкері болып жұмыс істеген Әбдіжапаров жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесінің қалай жұмыс істейтінін біле отырып, уәкілетті органдарға жер телімдерін уақытша пайдаланудан бас тарту туралы жалған келісімдер мен жер телімдері жеке меншікке берілді деген жалған әкімдік қаулыларын тапсырған. Алайда іс жүзінде мұндай қаулылар әкімдік тарапынан шығарылмаған. Осының нәтижесінде ол аталған жер телімдерін заңсыз түрде өзінің «Айша Групп» ЖШС-нің атына қайта тіркеген. Кейін бұл жер телімдерін үшінші тұлғаларға 1,3 млрд теңгеге сатып жіберген. Соттың санкциясымен нарықтық құны 13,6 млрд теңге болатын жер телімдеріне тыйым салынды. Сот үкімімен Әбдіжапаров ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген Қаржы мониторинг агенттігі хабарламасында.

Қазіргі таңда жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, олардың аумағында инновациялық хаб салу жоспарлануда. Сот үкімі заңды күшіне енген.