Тараздағы түзеу мекемесіндегі оқу орнынан 25,5 млн жымқырылған

Nur-Altay Umirzak

№15 колледж басшылығы оқуға қатыспаған сотталушыларға білім берген

Сурет: alataugazeti.kz

Жамбыл облысындағы «Түзету мекемесі жанындағы №15 колледж» басшылығы  бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.

“Жамбыл облысының прокуратура органдары бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануға ерекше назар аударады. Атап айтқанда облыс прокуратурасы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлауға арналған 25,5 млн теңге қаражат жымқыру фактісін анықтады. Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасының «Түзету мекемесі жанындағы №15 колледж»басшылығы оқуға іс жүзінде қатыспаған сотталғандарға білім бергені үшін 3 жыл көлемінде қаржыландыруды заңсыз алғаны белгілі болды. 2025 жылғы 5 ақпанда облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу).Тергеу жүргізу Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылды”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.