БҚО-да шенеунік тәртіптік жазасы бола тұра сыйақы жаздырып алған

Nur-Altay Umirzak

Ол тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік лауазымынан босатылған

Сурет: ortcom.kz

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында бюджет заңнамасының сақталуын талдау барысында Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы мәлімдеді.

“Белгілі болғандай, ол қолданылып жүрген тәртіптік жаза бола тұра, өзіне заңсыз түрде 766 510 теңге көлемінде сыйақы тағайындаған. Аталған дерек бойынша аудан прокуратурасы 2025 жылдың 17 наурызында Батыс-Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Департаментінің тәртіптік кеңесіне қадағалау актісін енгізді. Ұсынысты қарау нәтижелері бойынша, тәртіптік кеңестік ұсынымына сәйкес, Жәнібек ауданы әкімінің өкімімен Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік лауазымынан босатылды”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Оған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 44-бабының 3-тармағына сәйкес жаза тағайындалып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелген.