"Балабақшадан орын алып беремін": 30-дан астам астаналық ата-ана алаяқтың құрбаны болды

Nur-Altay Umirzak

Ол сыйақы үшін «Indigo24.kz» жүйесі арқылы балабақшаға орналастыруға көмектесетінін айтқан

Сурет: Stock image

Астана қаласының тұрғыны 30-дан астам ата-ананы балабақшаға орын алып беремін деп алдаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл ткралы Астана қаласы прокуратурасы мәлімдеді.

“Жергілікті тұрғын баласын балабақшаға орналастыруға үміттенген ондаған ата-ананы алдап, олардың ақшасын иемденген. Ол өз құрбандарын 2ГИС мобильді қосымшасындағы «Пікірлер» бөлімінен тапқан, онда ата-аналар балаларын мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауға көмектесу туралы өтініштерін қалдырған. Осындай хабарламаларды көріп, ол ата-аналармен байланысқа шығып, өзін «делдал» ретінде таныстырып, сыйақы үшін «Indigo24.kz» жүйесі арқылы балабақшаға орналастыруға көмектесетінін айтқан. Қаражатты алған соң, жасырынған. 30-дан астам алаяқтық фактісі анықталып, келтірілген жалпы шығын 1 млн теңгеден асқаны белгілі болды. Мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді. Сотта әйел өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді және жәбірленушілерге келтірілген шығындарды жартылай қайтарды, қалған шығын одан өндірілді. Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот оған 4 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бостандықты шектеу жазасын тағайындады. Прокуратура - жеке деректерді ашық дереккөздерде, әсіресе пікірлерде жариялау айтарлықтай қауіп тудыруы мүмкіндігі жөнінде ескертеді. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеңіздер”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта, сот үкімі заңды күшіне енген. Барлық мемлекеттік қызметтер, соның ішінде балабақшаға кезекке тұру — тек ресми цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылатынын еске саламыз.