Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірім 7 жылға сотталды

Nur-Altay Umirzak

Ол Telegram-арналары арқылы есірткі бизнесін ұйымдастырушылармен байланыс орнатып, сауда жасасқан

Depositphotos.com / Jhandersen

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түлкібас ауданының 17 жастағы тұрғынын аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

Бұл туралы Облыстық прокуратура мәлімдеді.

“Тергеу барысында Мынбай ауылында тұратын жасөспірім Telegram-арналары арқылы есірткі бизнесін ұйымдастырушылармен байланыс орнатып, бірнеше ай бойы Шымкент және Сарыағаш қалаларында есірткі курьері ретінде жұмыс істегені анықталды. Қылмыстық схемаға психотроптық зат — меткатионды (мефедронның аналогы) алу және буып-түю, орау материалдарын сатып алу, әртүрлі мекенжайларға “қалта” жасау және арнайы шифрланған байланыс арналары арқылы есеп беру кіреді. Төлем криптовалюта арқылы жүргізіліп, P2P-сервистер арқылы теңгеге аударылған. Күдіктіден 29 орам есірткі және тағы 26 орамда 41 “қалта” табылып, тәркіленді. Жалпы салмағы 136 грамнан асады”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Аса ірі көлемде және қоғамдық орында жасалған есірткі саудасы ауыр қылмыс болып табылады және қатаң жазаға әкеп соғатынын естен шығармау қажет.