Павлодарда жеке сот орындаушылар тұрғындарға заңсыз айыппұл төлеткен

Nur-Altay Umirzak

85 атқарушылық іс жүргізу бойынша 2 млн теңге артық ұсталған

Сурет: gov.kz

Павлодар облысында жеке сот орындаушылар облыс тұрғындарынан қате ұсталған 85 атқарушылық іс жүргізу бойынша 2 млн теңгені қайтарып берді,  деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.

“ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті айыппұлдар үшін қосарланған төлем фактілерінің жолын кесті. Павлодар облысында жеке сот орындаушылар облыс тұрғындарынан қате ұсталған 85 атқарушылық іс жүргізу бойынша 2 млн теңгені қайтарып берді. Департамент қадағалау қызметі барысында мәжбүрлеп орындауға жолданған әкімшілік айыппұлдар бойынша қосарланған төлем фактілеріне жол берілгенін анықтады. Мысалы, банкте қосымша арқылы әкімшілік айыппұлды өз бетінше төлеген Павлодар қаласының тұрғынынан (ЖСО-ға хабарламай) борышкердің банктік шотынан 36 920 теңге қайта ұсталды. Осылайша, бір айыппұл екі рет төленген”,  – делінген прокуратура хабарламасында.

Қадағалау органы аталған мәселені ерекше бақылауға алды, аталған фактілерге жол бермеу бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.