Прокурорлар Перизат Қайратты 10 жылға соттауды сұрады

Әдлет Нұран

Ал оның анасын мемлекеттік айыптаушылар 8 жылға соттауды өтінді

Ашық дереккөзден

Прокурор жабық тергеу кезінде алынған Перизат Қайраттың кейбір айғақтарын жария етті. Астанадағы сотта Перизат Қайраттың жабық отырыс кезінде берген кейбір жауаптары жария етілді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Прокурор Арман Қазекен Таяу Шығыстағы жапа шеккендерге қатысты іс эпизодының егжей-тегжейін мәлім етті.

"Аталған эпизод бойынша айып тағылған Перизат Қайрат өз кінәсін мойындамады. Сотқа ақшалай қаражатты Палестина аумағына қолма-қол жеткізгенін айтты. Оның айтуынша, банк арқылы аударылған жағдайда бұл әскери қақтығысты қаржыландыру ретінде қабылдануы мүмкін еді, сондықтан ол осындай жолды таңдаған. Осылайша Перизат Қайрат шетелге жиі шыққанын осымен түсіндіруге тырысты. Алайда құрметті сот, бұл сапарлар Біріккен Араб Әмірліктерінде қымбат сауда-саттықпен қатар жүргені белгілі болды", – деді Қазекен.

Перизаттың анасы Алашбаева Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету сылтауымен жиналған 559 миллион теңгені алдын ала сөз байласу арқылы иемденіп кетті деп айыпталып отыр. Тергеу мәліметінше, бұл қаражат Rebel Flowers гүл дүкенін сатып алу арқылы заңдастырылған.

Астанада бұл іс бойынша соттағы пікірталастар жалғасуда. Бұған дейін прокурор Мадина Оразалина мемлекет мұндай қайырымдылық желеуімен жасалған алаяқтықтарға енді көз жұмайтынын, ал халық үнсіз қалмайтынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, Перизат Қайраттың ісі – баршаға сабақ болуы тиіс.

Прокурорлар Перизат Қайратты 10 жылға соттауды сұрады.