Түркістан облысында құқықтық тәрбиеге бағытталған шара өтті

Qaz365.kz редакциясы

Түркістанда «Борышкер» рейді: 30 көлік айыптұраққа қойылды

Түркістан облысында «Заң мен Тәртіп» қағидаты шеңберінде құқықтық тәрбиеге бағытталған «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Азаматтардың құқықтық санасын арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру – қазіргі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта елімізде түрлі кешенді іс-шаралар атқарылып келеді. Солардың бірі – «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы. Аталмыш шара Түркістан қаласының полицейлері тарапынан да жүргізілуде. Атқарылған жұмыстар аясында жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін бұзбауға және салынған әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеуге шақырады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде полицейлер 250-ден астам әкімшілік хаттама толтырған. Сонымен қатар, борышкер жүргізушілердің 30 автокөлігі айыптұраққа қойылды.

Жалпы іс-шара заңды талаптарды орындаудан жалтарып жүрген борышкерлерді анықтау және олардың заң алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған шара алимент, әкімшілік айыппұлдар, сот шешімдері мен басқа да міндетті төлемдерді уақытылы орындамаған тұлғаларға қатысты жүзеге асырылуда. Бұл іс-шара құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Біріншіден, ол азаматтардың заң алдындағы міндеттерін түсінуіне жол ашады. Екіншіден, қоғамда заңның үстемдігін және заң алдындағы теңдікті нақты көрсетеді. Үшіншіден, борышкерге қатысты нақты әрекеттер арқылы құқық бұзушылықтың салдары болатынын еске салады. Сонымен қатар, «Борышкер» шарасы қоғам мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтарды өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуге ынталандырады. Бұл өз кезегінде құқықтық мәдениеті жоғары, әділетті қоғам құрудың алғышарты болып табылады.