Төлеби ауданында балаларға құқықтық тәрбие беру акциясы өтті
Түркістан облысына қарасты, Төлеби ауданындағы «Алатау» балалар лагерінде балаларға құқықтық тәрбие беру мақсатында акция өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шара Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және есірткі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп ұйымдастырылған. Шара жастардың өз құқығын қорғауға, құқықтық сана қалыптастыруға және жас ұрпақты есірткінің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған. Іс-шара барысында есірткі салдарынан туындаған құқық бұзушылықтардың зардабын көрсету үшін театрландырылған қойылым ұсынылды. Сахналық қойылым балаларға үлкен әсер қалдырып, оларды есірткіге байланысты өмірдің қалай аяқталуы мүмкін екендігіне көз жеткізді. Сонымен қатар, полицейлер спорттық жарыс ұйымдастырып, жүлделі орындарға ие болған жастарға бағалы сыйлықтар табыс етті. Бұл шара қоғамдағы нашақорлық деңгейін төмендетуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға негіз болады.
Жалпы Түркістан облысының құқық қорғау органдары есірткі қылмыстары мен нашақорлықтың алдын алу бағытында кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері және жергілікті атқарушы органдардың тығыз өзара іс-қимылы арқылы жүргізілуде. Облыс көлемінде өткізіліп жатқан жедел-профилактикалық рейдтер, білім беру ұйымдарындағы арнайы сабақтар мен тренингтер – мұның бәрі тек есірткімен күрес ғана емес, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Осы бағытта өңірде құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік пен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп есірткімен күреске бағытталған құқықтық және профилактикалық түсіндіру шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.