Түркістан облысында «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде құқықтық мәдениет нығайтылды

Qaz365.kz редакциясы

Түркістанда құқықтық және экологиялық мәдениет насихатталуда

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Заң және Тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысында халық арасында құқықтық түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы кешенді шаралар өткізілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Осы орайда Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасы бойынша Шардара су қоймасының жағасында орналасқан демалыс аймақтарына келушілер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу күшейтілді. Атқарылған жұмыстар аясында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында демалушыларға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілуде. Шара барасында тәртіп сақшылары су айдындары мен жазғы демалыс аймақтарының санитарлық жағдайын тексеріп, тұрғындармен және демалушылармен экологиялық нормаларды сақтау мәселелері бойынша насихат жүргізуде. Шаралардың басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, экологиялық жауапкершілікті нығайту және қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Экологиялық талаптарды бұзған кейбір азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес ескерту беріліп, әкімшілік хаттама толтырылып жатыр. Рейдтік іс-шаралар кезінде жалпы пайдалану орындарының ластануының 65 фактісі және абаттандыру ережелерін бұзудың 19 жағдайы тоқтатылды. Жалпы жыл басынан бері полицейлер демалыс орындарының ластануының 318 фактісін және абаттандыру ережелерін бұзудың 78 фактісін анықтаған болатын. Осы ретте, полицейлер жазғы кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.