Түркістанда «Заң мен тәртіп – әділетті қоғам негізі» атты құқықтық мәжіліс өтті
Бүгін Түркістан қаласы әкімдігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті бірлесіп, «Заң мен тәртіп – әділетті қоғам негізі» тақырыбында құқықтық мәжіліс ұйымдастырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсетұлы қатысып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар бойынша баяндама жасады. Аталған жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құқықтық сана мен заңға бағыну мәдениетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында жарияланған «Заң және тәртіп» апталығы аясында өткізілді.
«Заң — бұл жазалау құралы ғана емес, ол қоғам өмірін реттейтін, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған тетік. Ал тәртіп – осы заң талаптарын күнделікті өмірде мүлтіксіз ұстанудың белгісі. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Қоғамда қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптастыру – әрбір азаматтың борышы. Заң мен тәртіпті сақтау – тұрақты дамудың және ел ішіндегі келісім мен бірліктің негізі », – деді аппарат басшысы.
Шара барысында Сәбит Әсетұлы бейнематериал арқылы баяндама жасап, адалдық қағидаттары мен құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы жөнінде кеңінен тоқталды. Жиын соңында аппарат басшысы құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында барлық сала мамандарының бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін атап өтіп, қатысушыларға алғыс білдірді.