«СҚ-Фармацияға» қатысты ұрлық фактісі бойынша тергеу басталды

Qaz365.kz редакциясы

Іс Астанада тергеліп жатыр

Фото: СҚ-Фармация

«СҚ-Фармация» қызметкерлері сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және талан-таражға салу бабымен күдікке ілінді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «СҚ-Фармация» ЖШС қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

«Басқа ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды», – деп хабарлады агенттік баспасөз қызметі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «СҚ-Фармация» қызметіне қатысты Бас прокуратураға өтініш түсірген болатын. Өтініш беру туралы шешім ол Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі қорытындысынан кейін қабылданған. Депутаттың айтуынша, мемлекетке елеулі зиян келтірген заңбұзушылықтар анықталған.

«СҚ-Фармация» және фармацевтика саласындағы өзге де субъектілер бойынша мәлімдемені оның әріптесі, депутат Мұрат Әбенов те қолдады.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі – бөтеннің ақшасын қылмыстық топтың аса ірі көлемде иемденуі немесе талан-таражға салуы – үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын көздейді.