Руслан Берденов шабуылдан соң өлім туралы ойлағанын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, оқиға жұмыс күнінің соңында, әкімдік ғимаратынан шыққан сәтте басталған.

GOV.KZ

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Ернар Жиембайға қатысты іс қаралып жатыр. Сотта жәбірленуші, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов сол күнгі оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, оқиға жұмыс күнінің соңында, әкімдік ғимаратынан шыққан сәтте басталған.

Алғашқы оқ тура басыма бағытталды. Абырой болғанда, үлгеріп еңкейіп қалдым. Оқ басымнан зу етіп өтті. Содан соң тағы төрт рет оқ атты. Мен жерге құладым. Жиембай маған жақындап, мылтығын қайта оқтады. Қолым жараланып, қанға боялдым. Іштей: егер қазір тұрмасаң, тірі қалмайсың деп өзімді қайрап, орнымнан тұрдым. Сол сәтте екеуміз алыса кеттік, - деді Берденов.

Оның сөзінше, арпалыстан кейін қару жерге түсіп кеткен. Жиембай қашуға әрекеттенгенде, әкім орынбасарының жүргізушісі оны көлікпен қағып тоқтатқан.

Мен қайта құладым. Жанымда жүрген екі қыз жүгіріп келді. Бірі медбике екен. Ол маған: ұйықтап кетпеңіз, көзіңізді жұмбаңыз деп дем беріп, алғашқы көмек көрсетті. Демім тарылып, өкпемнің бір бөлігі жұмыс істемей қалды. Дәрігерлер кейін 20% өкпемді алып тастады. Ауызымда қанның дәмін сездім. Сол сәтте өміріммен қоштасып жатырмын деп ойлап, дұға еттім, - деп еске алды Берденов.

Оқиға куәгерлерінің бірі – Арайлым Камытбек. Ол атыс басталмай тұрып әкімдік ауласында TikTok-қа видео түсіріп жүргенін айтты. Кейін құрбысымен бірге жаралы Берденовке көмекке ұмтылып, қан кетуді тоқтату үшін галстук қолданған.