Ұрланған 420,3 тонна жанармай: сот үкім шығарды

Qaz365.kz редакциясы

Айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, ақтауды талап еткен.

Pixabay.com

Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанды жалғаған құпия құбыр арқылы жанармайды заңсыз тасымалдағандарға қатысты сот үкімі жарияланды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Qaz365.kz хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың шілдесінде жергілікті тұрғын Өзбекстан азаматы Р.-мен келісіп, трансұлттық қылмыстық топ құрған. Топ құрамына Е., И., А., М. және басқа да анықталмаған адамдар кірген.

Сарыағаш ауданының Сарықырама ауылында олар ұзындығы 375 метр болатын жерасты құбырын орнатып, оны Қазақстан және Өзбекстан аумағымен жалғаған. 2024 жылдың тамызынан желтоқсан айына дейін аталған құбыр арқылы АИ-92 маркалы 420,3 тонна бензин заңсыз өткізілген. Тасымалданған жанармайдың жалпы құны 112 миллион теңгеден асқан.

Айыптаушы тарап К.-ға 15 жыл, ал қалған сотталушыларға 12 жыл жаза тағайындауды сұраған. Алайда айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, ақтауды талап еткен.

Сот олардың кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, бұл жағдайды жеңілдететін мән-жай ретінде қабылдады. Қатаңдататын факторлар анықталған жоқ.

Сот шешімімен К. 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Е., И., А. және М. 13 жылдан жаза арқалады. Олардың иелігіндегі үш миллион теңге, 16 мың литр бензин және «ЗИЛ», «ГАЗ» маркалы жүк көліктері мемлекет пайдасына тәркіленді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.