Қылмыстық кодекске 115-1 — «Сталкинг» жаңа бабы енгізілген Заңға қол қойылды
Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік күшіне енді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Прокуратура мәліметінше, отандық заңнамада сталкинг үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет көзделген.
«Азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске 115-1 — «Сталкинг» жаңа бабы енгізілген Заңға қол қойғанын хабарлаймыз.
Егер сталкинг зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер ҚК-нің басқа баптары бойынша қосымша сараланатын болады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство хабарлауынша, сталкинг бабы бойынша қылмыстық қудалау нақты зиян болған кезде басталатынын білу маңызды. Мысалы, жеке өміріне қол сұғылмау, еркін жүріп тұру құқықтарынаң шектеулері немесе психологиялық қысым көрсету. Жауаптылықты енгізудің мақсаты –құрбандарды ерте кезеңде қорғау және зорлық-зомбылық пен агрессивті мінез-құлыққа мөлдем төзбеушілік қалыптастыру.
Ведомство өз құзыреті шегінде жүзеге асырылатын құқық қорғау органдарының заңды әрекеттері сталкинг белгілеріне жатпайтынын атап өтті.