Хасан Қасымбаевтан бөлек тағы бес айыпталушы бар
Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев пен оның серіктеріне қатысты қылмыстық іс қарала бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот процесін судья Айнагүл Түкібаева жүргізіп жатыр. Айыпталушылар орындығында Қасымбаевпен бірге тағы бес адам отыр.
Еске салсақ, "Хутор бригадасының" басшысы деп танылған Хасан Қасымбаев былтыр, 2024 жылдың 5 қарашасында қамауға алынған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2021 жылдың маусымында Талғарда болған атышулы оқиғаға – ММА жаттықтырушысын топ болып ұрлап, соққыға жығуға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Оның есімі көпшілікке 2024 жылдың соңында 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істен кейін таныла бастады. Жергілікті тұрғындар мен кейбір ақпарат құралдары оны бейресми түрде «Хуторлықтар» деп аталатын қылмыстық топтың жетекшісі ретінде атайды. Алайда Қасымбаев бұл айыптауларды мойындамайды. Ол өзінің ешқашан сотталмағанын, ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше емес екенін мәлімдеді. Сонымен қатар қорғаушысы арқылы жалған ақпарат таратқандарды сотқа беруге ниетті екенін жеткізген.