Мемлекетке келтірілген залал көлемі 93,2 млн теңгені құрады.
Жезқазған қалалық соты облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Сафура Төлекова мен оның әріптестері – орынбасары О. және бас бухгалтер Б.-ға үкім шығарды. Олар аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 93,2 млн теңгені құрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот мәліметінше, 2022-2023 жылдары басқармада жұмыс істемеген адамдарды жалған түрде жұмысқа қабылдап, оларға еңбекақы төленген. Сондай-ақ қаржыландыру жоспары өзгертіліп, негізсіз сыйақылар аударылған.
Жеке эпизодтарда іссапар шығындары мен тұрғын үйге төлемдер заңсыз берілгені анықталды. Мысалы, бас бухгалтер Б. іс жүзінде іссапарға шықпағанына қарамастан, шығын өтемақысын алып отырған.
Айыптаушы тарап Төлекова мен Б.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы О. ісі оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.
Сот барысында Сафура Төлекова өз кінәсін мойындамаған, ал Б. тек іссапар мен тұрғын үй төлемдері бойынша кінәсін ішінара растаған. Қайтыс болған О.-ның өкілі ақтау үкімін сұраған.
Дегенмен сот барлық сотталушыларды кінәлі деп таныды:
Сафура Төлекова мен Б. – әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар екеуіне өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Олар сот залында қамауға алынды.
О. да кінәлі деп танылды, бірақ қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.