«2,5 млн теңге несие»: журналист егде жастағы адамды алаяқтардан сақтап қалды

Qaz365.kz редакциясы

Ол полиция шақырған. 

Видеодан алынған кадр

Ақын, журналист Тоқтарәлі Таңжарық көшеде алаяқтың құрбаны бола жаздаған егде жастағы ер адамға көмектескенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Автордың сөзінше, оқиға таңертең елордадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында болған. Ол жұмысқа кетіп бара жатып, ер адамның телефон арқылы әңгімесін естіп қалған.

Диалогтарынан аңдасам, орыс жігіт бастырмалатып, несие туралы айтып тұр. Мына кісі болса, «да, да, слушаюдан» басқа орысшасы шамалы сияқты. Дереу күмәнданып, жақындап барып, тағы тыңдадым. Үзіліп кетсе, арғы жағы дереу жалғап, бұрынғысын жалғастырады. Мына кісі «қазір банкке келдім» дегенде, алаяқтардың құрығына түскенін дереу білдім. Жанына барып: «Сізге несие ал деп жатыр ма, кіммен сөйлесіп тұрсыз?» десем, «органдағылармен» деп қашқақтайды. Сосын: «Сізге органдағылар кредит алдырмайды. Бұлар алаяқтар» дедім. Ағам маған сенер емес, - дейді ол.

Тоқтарәлі Таңжарық амалсыз полиция шақырғанын айтады. Соған қарамастан телефонның ар жағындағылар қайта-қайта қоңырау шалған.

Полиция келгенше ұққаным, ағамызды бір қыз, бір жігіт таң атпастан оятып, бір құжат жіберіп, «тез арада сақтанбасаңыз, жағдайыңыз мүшкіл» деген көрінеді. Бастысы, органнан екенін айтқан. Өзі жағдайдың қалай болғанын дұрыс түсіндіріп бере алмады. Полицейлер: «Екі жарым миллион кредиттен сақтап қалдыңыз» деп, Рысбек ағамызды бөлімшеге алып кетті, - дейді автор.

Жазба авторы үлкен кісілерге алаяқтардың осындай қадамға баратынын жиі түсіндіріп, күмәнді жағдайдың куәсі бола қалғанда, бейжай қарамау керектігін сұрады.