«Істері ұқсас»: Берденовке оқ атқан Жиенбай жайлы басқа іс бойынша тың ақпарат айтылды

Qaz365.kz редакциясы
Әлеуметтік желі

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Берденовке оқ атқан Жиенбайға қатысты істің басқа қылмыстық іспен ұқсастығы болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құранбектің сөзінше, бұл іс Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты қозғалған қылмыстық іске ұқсап отыр.

«Арман Әбдешовке және одан басқа да қылмыстық іс қозғалып жатқаны жайлы әлеуметтік желіден оқып отырсыздар. Осыған орай біз түсініктеме бере кетсек. Жалпы, тұрғын үй басқармасының басшысына қатысты желіде біраз пікір айтылғанын білесіздер. Айта кетсек, бұл азаматқа да қатысты іс Арман Әбдешовке қатысты қозғалған іске ұқсас болуы мүмкін. Яғни, шамамен 2023 жылдары атқарылған жұмыстарға қатысы бар деп ойлаймыз. Жалпы мұндай істің бағасын тергеу жүргізіліп жатқан кезде біздің түсініктеме беруге, не басқалай ақпарат беруге құқымыз жоқ. Бес саусақ бірдей емес», - деді ол. 

Сонымен қатар ол сот процесінде айтылған «қызметкерлерді Антикорға беремін деп қорқытты» деген сөздердің шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

«Өткенде сот барысында «Антикорға беремін» деп қорқытыпты деген сөздер болды ғой. Мұның бәрі жай сөз. Ешкім ешкімді олай қорқытпайды.  Тек өз мойнымызға жүктелген міндетті ғана айтамыз. Әйтпесе, ҰҚК департаменті де, осыған дейін жұмыс істеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаменті де, экономикалық тергеп-тексеру департаменті де бізге қарасты емес», - деді ол.