Тексеру барысында кәсіпорындардың 20-дан астам жалған компания құрғаны белгілі болды.
Жетісу облысындағы балық шаруашылығы кәсіпорындары Еуропаға 4,9 мың тоннадан астам балықты заңсыз экспорттаған. Прокуратураның дерегінше, мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 80 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тексеру барысында кәсіпорындардың 20-дан астам жалған компания құрғаны белгілі болды. Олардың ешқайсысында бекітілген су айдындары да, балық аулауға квота да, экспортқа рұқсат та болмаған. Соған қарамастан, аталған фирмалар арқылы балық шетелге заңсыз жөнелтіліп отырған.
Мәселен, бір компанияға ресми түрде 270 тонна балық аулауға лимит берілсе, іс жүзінде ол 18 есе артық – 4,9 мың тонна өнімді шетелге өткізген. Оның 2 096 тоннасы еншілес компаниялар арқылы экспортталған. Барлығы төрт балық шаруашылығы кәсіпорны заңсыз айналымға қатысқан.
Қазір аталған деректер бойынша «Экономикалық контрабанда» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.