Ақмола облысында адамдарды ұрлап, несие рәсімдеген қылмыстық топтың ісі тергелді

Qaz365.kz редакциясы

Топ құрамында Қазақстанның әр аймағынан келген 25 адам болған.

Pixabay.com

Ақмола облысында азаматтарды ұрлап, олардың атына несие рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Бұл туралы өңірлік прокуратура хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.

Тергеу дерегінше, топ құрамында Қазақстанның әр аймағынан келген 25 адам болған. Олардың арасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің орталық аппаратының қызметкері мен бірнеше банк қызметкерлері де бар.

Қылмыстық схеманың құрбаны болғандар саны – 348 азамат, көбіне әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері. Келтірілген жалпы залал көлемі 3,7 млрд теңгені құрады. Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүліктер анықталды: Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат көліктер және ірі көлемдегі қолма-қол ақша. Тәркіленген активтердің жалпы құны 2,7 млрд теңгеге бағаланды.

Қылмыстық топтың барлық мүшесі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс тараптарға танысу үшін берілді. Соңғы шешімді сот шығарады, - деп нақтылады прокуратура.