3,7 миллиард теңгені жымқырған – Шардарада білім бөлімінің қызметкерлері сотталды

Әдлет Нұран

Олар 3 миллиард 700 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырған

Фото Qaz365.kz

Түркістан облысында мемлекет қаржысын талан-таражға салған Шардара ауданының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты үкім шықты. Олар 3 миллиард 700 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырғаны үшін айыпталған болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сот үкіміне сәйкес, Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Есепшілердің басым бөлігіне 7 жыл жаза тағайындалды.

«Қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлік мемлекет пайдасына өндірілді. Оның ішінде үйлер, пәтерлер, 20-ға жуық жылжымайтын және жылжитын мүлік бар. Сондай-ақ сотталғандардың бірі алтын сататын дүкенге иелік еткен, ол да тәркіленді», – деді Түркістан облыстық сотының өкілі Дәурен Мадалиев.

Алайда барлық айыпталушы темір торға қамалған жоқ. Бірі жымқырған қаржыны толық қайтарғандықтан жазадан босатылды. Үшеуі 62 жастан асқандықтан, рақымшылыққа ілініп, бас бостандығы шектелді. Тағы екі сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар болғандықтан жазасын бес жылдан кейін өтейтін болды. Ал бір есепші сот басталмай тұрып қайтыс болған.

Әрқайсысы 100 миллион теңгеден астам қаржыны қалтаға басты деп айыпталғандардың туыстары үкіммен келіспей отыр.

«Соттың шешіміне келіспеймін. Себебі қасында жүрмін ғой енді. Сонша ақша алғанын көрген емеспін. Жала жапты деп есептеймін. Біз апелляцияға береміз. Алған бір заты жоқ. Басшы болған тек», – деді сотталушының күйеуі Құдайберген Маханов.