Тергеу барысында келтірілген залал толық өтелді.
2025 жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «Волковгеология» акционерлік қоғамына қатысты тергеу ісінің аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
ҚМА Алматы облысы департаментінің дерегінше, кәсіпорынның бұрынғы басқарма төрағасы Д.Н. Молдаши екі жыл бойы жалған актілер арқылы бюджет қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырған. Құжаттарда «Казбурмаш СК» ЖШС-нен қосалқы бөлшектер жеткізілгені көрсетілгенімен, іс жүзінде ол тауарлар келмеген. Осылайша, контрагентке 86 млн теңгеден астам қаражат заңсыз аударылған.
Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл қаржы кейін күдіктілердің жеке пайдасына жаратылған. Тергеу барысында келтірілген залал толық өтелді.
Аталған қылмыстық іс сотқа жолданды, – делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін осы факті бойынша «Волковгеология» филиалының директоры А.М. Борашев, «Казбурмаш СК» ЖШС басшысы Е.С. Алипбаев және бухгалтер Г.Ж. Токатаева 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.