Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елде қос азаматтығы бар және заңсыз зейнетақы алып келген азаматтар бюджетке қаражатты қайтаруға міндетті болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, аталған фактілер бойынша материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған. Қазір тергеу жүріп жатыр, залалдың нақты сомасы есептелуде.
«Залал көлемін уәкілетті орган – Қаржылық мониторинг агенттігі анықтауы тиіс. Барлық материалдар берілді, тергеу жүргізілуде. Заңсыз алынған зейнетақы міндетті түрде мемлекетке қайтарылады», – деді Жақыпова.
Министрдің айтуынша, 100 мыңға жуық қазақстандық елде тіркеуде тұрмаса да, зейнетақыны заңсыз алып келген. Олар негізінен Ресей мен Өзбекстанда тұрады.
«Арасында тіркеуден шығып қалған қарапайым азаматтар бар. Бірақ негізінен ел ішінде жоқ, тіркеуде тұрмайтын, шетелде өмір сүріп жатқан адамдар зейнетақы алып отыр. Кейбірі Қазақстаннан да, Ресей немесе Өзбекстаннан да төлем алады», – деді министр.
Жеке деректері анықталған азаматтардың зейнетақысы тоқтатылып, мәліметтер Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданды.
Жақыпова әлеуметтік жәрдемақылардың біраз түрі алынып тасталуы мүмкін екенін де айтты. Қазір елдің әр өңірінде мемлекеттік көмек әртүрлі көрсетіледі, жалпы саны – 117 әлеуметтік төлем. Министрлік құзырлы органдармен бірлесіп, біртұтас стандарт енгізуді жоспарлап отыр.
Әлеуметтік саясат туралы талқылау 8 қыркүйектегі Президент Тоқаевтың жолдауынан кейін күшейді. Президент мемлекетке масыл болып, негізсіз әлеуметтік көмек алатын азаматтар ел дамуына кедергі келтіреді деп атап өткен болатын.