Әуежайда «мас» күйінде ұсталды деген прокурор кінәсіз болып шықты

Qaz365.kz редакциясы
видеодан скрин

Ақтаудың мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысына сәйкес, қала прокуроры Ерболат Әбдіровтің іс-әрекеттерінде заң бұзушылық жоқ деп танылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жағдай 27 тамыз күні болған еді. Әбдіров Алматы әуежайында жерлестері болып шыққан екі ағайындымен танысқан. Кейін ұшаққа апаратын автобустың ішінде белгілі бір оқиға болғаны туралы айтылған. 28 тамыз күні Алматы әуежайындағы полиция бөлімінің қызметкері прокурорға қатысты әкімшілік хаттама толтырған.

Осыған орай Маңғыстау облысының прокуратурасы қызметтік тексеру жүргізген болатын.

Прокурор Әбдіров айыптарды жоққа шығарып, «менің кім екенімді білген соң әдейі дау шығарды» деп мәлімдеген еді.

Соттың анықтауынша, прокурор Алматы әуежайында екі жігітпен танысқан, олар да Ақтаудың тумалары екен. Кейін жолаушыларды ұшаққа жеткізетін автобус ішінде түсініспеушілік туындаған көрінеді. Сол кезде әуежай полициясының қызметкері Әбдіровке әкімшілік хаттама толтырған.

10 қыркүйекте судья Иниятулла Досетов әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты. Сот қаулысына он күн ішінде Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты арқылы Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым беруге болады.