Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлерімен және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Түркиядан бұрынғы құқық қорғау органының қызметкерін экстрадициялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, ол трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін күдікке ілінген.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2015-2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысында басшылық қызмет атқара жүріп, заңсыз ойын бизнесіне қамқорлық жасап, жүйелі түрде пара алған. Қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, жеті жыл бойы халықаралық іздеуде болған.
2024 жылдың қаңтарында ол Түркияның Измир қаласында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға жеткізілді. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Аталған іс бойынша қылмыстық топтың өзге мүшелері бұған дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Заңға сәйкес, бұл әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.