Ринат Зайыт Назарбаевтың иелігіндегі барлық компаниялар мен активтерге түгендеу жүргізуді талап етті

Qaz365.kz редакциясы

Депутаттың сөзінше, жуырда сот шешімімен Нұрбол Назарбаев мемлекет пайдасына 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылған.

Мәжіліс

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Ринат Зайыт заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару ісіндегі ашықтыққа қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы жарияланғаннан бері «әділдік» ұғымы халықтың күнделікті сұранысына айналғанымен, қоғамда әлі де күмән тудыратын жайттар бар.

 «Айтуға жеңіл бұл сөздердің артында зілдей салмақ бар. Өйткені әділеттің шуағы әлі қоғамның барлық саласына толық тарай қойған жоқ-тұғын. Енді сол сәуле жылымықтай кеңейіп, тарай бастағаны байқалады», – деді депутат.

Назарбаев әулетінің активтері

Депутаттың сөзінше, жуырда сот шешімімен Нұрбол Назарбаев мемлекет пайдасына 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылған. Сонымен бірге оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынған.

 «Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды», – деді Ринат Зайыт.

Алайда ол қоғамда бұл әулетке тиесілі «Алтын орда» базары мен Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз алынған жер телімдері жайлы деректер жиі айтылатынын атап өтті. Бірақ олардың тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз.

Халық қалаулысы Үкіметке мына мәселелер бойынша нақты жауап беруін сұрады:

  1. Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеу жүргізіп, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.

  2. Қайтарылған активтер және олардың пайдалану барысы туралы толық ақпаратты қоғамға ашық жариялау.

  3. «Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдеріне қатысты тергеуді бастау.

 «Сот шешімдері шыққанымен, процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр», – деді депутат.