Қазақстанда онлайн-казино жарнамалаған блогерлерге қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды

Qaz365.kz редакциясы

ҚМА деректеріне сүйенсек, 18 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Pixabay.com

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов онлайн-казино жарнамалаған блогерлерге қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үкімет отырысында Бижановтың айтуынша, әлеуметтік желілерде онлайн-казино жарнамасы жаппай сипат алып, қоғамда ойынқұмарлыққа тәуелділіктің көбеюіне әкеліп отыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің деректеріне сүйенсек, 18 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал барлығы 37 инфлюенсер онлайн-казиноны жарнамалаған.

Олардың көбі – кездейсоқ емес, заңды жүйелі түрде бұзатын адамдар. Мәселені күрделендіріп тұрғаны – құмар ойындарын жарнамалағаны үшін нақты қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, ал қазіргі әкімшілік айыппұлдар олардың табысымен салыстырғанда өте аз, – деді Бижанов.

Осыған байланысты агенттік онлайн-казино жарнамалағандарға қылмыстық жаза қолдануды ұсынды. Бұл шара қаржы пирамидаларына қарсы заң нормаларына ұқсас болмақ.

Ұсынысты үкімет қолдады.

Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, жыл басынан бері Қазақстанда 34 блогердің онлайн-құмар ойындарын жарнамалағаны анықталды. Оның ішінде 11-і әкімшілік жазаға тартылды, ал 23 блогерге қатысты материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне шара қолдану үшін жолданған.