Lenovo Kazakhstan директорын өлтіруге тапсырыс берді деген күдікті Дубайда ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін тергеу барысында қылмысты орындаған екі адам ұсталып, қамауға алынған болатын

polisia.kz

Lenovo компаниясының корпоративтік сату жөніндегі директоры Ермек Жақыпжановтың өліміне қатысты тергеу ісі бойынша Қазақстан азаматы Дубайда қолға түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

ІІМ дерегінше, ұсталған азаматқа тапсырыспен кісі өлтіруді ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.

«Қылмысқа техника жеткізуге байланысты алынған қарыздық міндеттемелерді орындамау себеп болған», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Бұған дейін тергеу барысында қылмысты орындаған екі адам ұсталып, қамауға алынған болатын. Олардың бірі шетелде қолға түсіп, 2024 жылдың шілдесінде Әзербайжаннан Қазақстанға экстрадицияланған.

Еске салайық, 2024 жылғы 10 қазанда Алматы облысы Іле ауданының Өтеген батыр кенті маңынан 42 жастағы Ермек Жақыпжановтың денесі табылған еді.

Кәсіпкердің денесінде зорлық белгілері болған. Ол Lenovo Kazakhstan компаниясында мемлекеттік ұйымдармен жұмыс жөніндегі директор қызметін атқарған. Жоғалғаны туралы хабар тарағаннан кейін оны туыстары мен полиция бір тәулік бойы іздеген.