Келіншек екі жасар қызын бірнеше айдан бері көрмегенін айтты
Қарағандыда қазақтарды қорлаған сөздерінен кейін ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталған Алика Мұхамадиеваның ісі бойынша сот талқылауы жалғасты. Отырыста соңғы сөз алған сотталушы көз жасына ерік беріп, істеген ісіне өкінетінін айтып, соттан жеңіл жаза сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
«Сізден мені сотталушы ретінде ғана емес, адам, әйел, жар және екі жасар қыздың анасы ретінде тыңдауыңызды сұраймын. Мен алғашқы күннен-ақ тергеу ісіне көмектестім және өз сөзімді мойындадым. Бұл ауыр сөздерді тәтем қайтыс болғаннан кейін қатты күйзеліс үстінде жүргенде айтқаным рас», – деді Мұхамадиева.
Келіншектің айтуынша, ол желідегі пікірлері мұндай реакция тудыратынын түсінбеген.
«Ауыр сөздер айтқанымды түсінген күні-ақ өзгердім. Айналамдағы адамдардың, ислам дінін ұстанатын барша мұсылмандардың алдында өте ұят іс жасадым. Бұл мен үшін нағыз өмірлік сабақ болды. Әр сөздің мағынасы, киесі бар екенін түсіндім», - деді ол.
Мұхамадиева ешқашан араздыққа шақырмағанын және адамдарды ұлттық немесе діни негізде кемсітпегенін атап өтті.
«Мен өзім мұсылманмын. Өмір бойы Қазақстанда тұрамын, тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін құрметтеймін. Туыстарымның, достарым мен клиенттерімнің арасында қазақтар көп», - деп атап өтті сотталушы.
Сөйлеп тұрған кезінде келіншек екі жасар қызын бірнеше айдан бері көрмегенін айтып, көз жасына ерік берді.
«Менің кішкентай қызым бар, ол небәрі екі жаста және мен темір торға қамалғалы анасын көрмей өсіп келеді. Бұл – менің өмірімдегі ең қиын сынақ. Бас бостандығымнан, отбасымнан және абыройымнан айырылдым. Бірақ мен тағдырыма өкпелей алмаймын, осы сынақтың арқасында ауыздан шыққан әр сөздің қадір-қасиетін түсініп, әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілікті сезінетін болдым», - деді Мұхамадиева.
Соңғы сөзінде ол соттан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады.
«Соттан менің басыма түскен ауыр жағдайымды ескеруді сұраймын. Бәрін түзетуге және қызымның жанында болуға мүмкіндік беруіңізді сұраймын. Мені бас бостандымғынан айырмаңызшы», - деді ол жалбарына.
Алика Мұхамадиеваның ісі бойынша соңғы үкім жақын арада жарияланады.