Сот несиеге белшесінен батқан мұғалімге көмектесті

Qaz365.kz редакциясы

Ол 5 банк алдында 14 млн теңгеден астам қарызға батқан

gov.kz

Жамбыл облысында физика пәнінің мұғалімі сот арқылы өзінің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Меркі аудандық сотына жүгінген азаматша Т. 5 банк алдында 14 млн теңгеден астам қарызға батқан. Ол 16 жылдан бері баспанасыз, жалдамалы пәтерде кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеп келеді. Мұғалімнің ай сайынғы табысы мен шығыны арасында үлкен айырмашылық бар: несие төлемдері 500 мың теңгеден асса, күнделікті шығыны шамамен 170 мың теңге.

Осы себепті әйел соттан ай сайынғы төлемдерді азайтып, қарызды өтеудің жаңа жоспарын құруға рұқсат сұраған.

Бес банктің төртеуі оның өтінішін қанағаттандырмауды өтінгенімен, сот іс материалдарын қарап, арыз иесінің адал әрекет еткенін және әдейі төлемнен жалтармағанын анықтады.

Нәтижесінде сот талапты қанағаттандырып, мұғалімге төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын дайындауға уақыт берді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.