Алматыда талапты орындамаған құрылыс компаниялары лицензиясынан айырыла бастады

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін қала әкімі мердігерлерге бірнеше рет ескерту жасаған еді

Алматы әкімдігі

Алматы қаласында әкімдік мердігер компаниялардың жұмысына бақылауды күшейтті. Қала құрылысы бақылау басқармасы «AsiaMax» компаниясын лицензиясынан айырды. Бұл компания Әбіш Кекілбайұлы көшесіндегі кәріз желісін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп келген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, мұндай шешімге тек жұмыстың кешіктірілуі емес, жобалық талаптар мен құрылыс нормаларының сақталмауы себеп болған.

“Тұрғындардың наразылығын тудырған кешігулермен қатар, тексеріс барысында жобадан ауытқу және мемлекеттік құрылыс талаптарын бұзу фактілері анықталды.  Сол себепті компанияға ескерту беріліп, лицензиясы кері қайтарылды”, – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бірнеше рет ескерту жасаған болатын.

“Мердігер өз міндетін дұрыс орындамаса, ондай компания қалалық жобаларда жұмыс істемеуі керек”, – деген еді ол.