Республика күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара «Мемлекеттік егемендік туралы декларация және қазіргі Қазақстан: сын-қатерлер, жетістіктер, тұрақты дамудың ауқымы» тақырыбында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ауқымды жиынға еліміздің және шетелдің беделді ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет басшылығы, профессорлар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Конференцияны ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев ашып, қатысушыларды Республика күнімен құттықтады.
– Бұл мереке күнтізбедегі жай ғана дата емес, ұлттық бірліктің, мақтаныш пен болашаққа деген сенімнің айшықты символы. Академиктер Сұлтан Сартаев пен Салық Зиманов сынды ұлт зиялыларының еңбегі Қазақстан конституционализмі тарихында мәңгі сақталады, – деді ол өз сөзінде.
Ректор қазіргі Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген жаңғыру стратегиясының табысты іске асырылып жатқанын атап өтті.
Конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, заң ғылымының докторы, профессор Игорь Рогов, сондай-ақ Алматы қаласы прокурорының орынбасары Дамир Қатаев және өзге де қонақтар құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста отандық ғалымдар мен сарапшылар еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігінің қалыптасуы, саяси жүйенің дамуы, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформалар жайлы мазмұнды баяндама жасады.
Конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасын тауып, онда «Егемен мемлекет ретіндегі Қазақстанның конституциялық-құқықтық дамуы», «Мемлекеттік егемендік – құндылық ретінде: сын-қатерлер мен болашаққа пәнаралық көзқарас», «Экономикалық саясат және тұрақты дамудың конституциялық қағидаттары» секілді тақырыптар кеңінен талқыланды.