ШҚО-да полиция басшысы жаңа қызметке келгеніне бір күн өтпей ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Ол пара алды деген күдікке ілінген

Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында жаңадан тағайындалған полиция бөлімінің басшысы ұсталды деген ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) растады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі hronika.kz-ке сілтеме жасап.

Алайда ведомство әзірге істің мән-жайын ашып айтпай отыр.

Әлеуметтік желілерде тараған дерекке сүйенсек, Марқакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы, майор Руслан Сейітқанов пара алу кезінде ұсталған. Тіпті ол алған сыйлықтардың қатарында Starlink интернет жүйесінің жабдығы да болғаны айтылады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл сыйлықтар заңсыз алтын өндіру және оны саудалауға көз жұма қарағаны үшін берілген болуы мүмкін.

ШҚО полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Ал ҰҚК ресми сауалға қысқа ғана жауап қайырды.

«Аталған факті бойынша ҰҚК ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», – делінген комитет хабарламасында.

Қазіргі уақытта іс ҰҚК тергеуінде. Полиция майорына қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны және оның серіктестері ұсталды ма – бұл туралы әзірге ақпарат жоқ.

Сондай-ақ бұл ақпараттың әлеуметтік желілерге қалай тарағаны белгісіз күйінде қалып отыр.