Сенуден қалған бұқара енді Жоғары сотқа арызданбақ
Атышулы Назира GOLD ісі бойынша сот үкімі шықты. Қаржы пирамидасына қатысы бар тоғыз адам сотталды. Істің басты айыпталушысы - 28 жастағы Нәзира Нұржанова, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Назира Gold жұртқа «пайда табасыздар» деп уәде беріп, алтындарын жинап алған. Салымшыларға ай сайын 20-40 пайыз табыс түсіп тұрады деп сендіріп, адамдарды сан соқтырған.
Алданған салымшылар әділдік талап етеді
Қаржылық пирамиданың құрбандарының бірі — Бекболатова Қарлығаш. Ол 2022 жылдан бері прокуратураның табалдырығын тоздырып жүрсе де, нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқанын айтады.
«Ешқандай да ақшам қайтарылған жоқ. 2022 жылдан бері дәлелдермен прокуратураға жүгіріп жүрмін. Алтынымды алғанын дәлелдеп бергенмін. Тергеу дұрыс жүргізілген жоқ — 190-бапты алып тастап, “алаяқтық” бабы қолданылмай қалды. Мен осы уақытқа дейін оның алаяқ екенін дәлелдеуге тырыстым, адвокат жалдадым. Бірақ сотта менің атымды атап тұрып, ешқандай негізсіз шешім шығарды. 25 миллион теңгеге бағаланған, 1 келі алтын тапсырғанмын. Әділ сот болған жоқ», – дейді Қарлығаш Бекболатова.
Оның сөзінше, жәбірленушілердің тек бесеу-алтауы ғана ақшасын кері алған, ал қалғандарына ештеңе қайтарылмаған.
«2022 жылы мені алдады, 2023 жылы тағы 11 адамды алдады, 2024–2025 жылдары да жалғастырып отыр. Бұрын да 2-3 рет сотталған адамды қалай үйқамақта қалдырып, шартты жазамен босатады? Бұл сот әділетсіз», – дейді ол.
Бұл қаржы пирамидасының құрбандарының саны Қазақстан бойынша 4 мыңнан асады. Алайда сотта олардың тек 148-і ғана жәбірленуші ретінде танылған.
Тергеу материалдарына сәйкес, салымшылар ақшаларын еселеп көбейтеміз деген үмітпен Нәзира Нұржановаға 1 миллионнан 50 миллион теңгеге дейін тапсырған.
Бір жыл уақытқа созылған тергеу мен сот процесі нүктесін қойды. Нәтижесінде істің басты фигуранты Нәзира Нұржанова 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның кәмелетке толмаған балалары бар болғандықтан, жаза өтеу мерзімі балалары 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.
Сот үкімі шыққаннан кейін қаржы пирамидасының басшысы Нәзира Нұржанова шешіммен келіспейтінін мәлімдеді. Ал, судья болса, Нұржанова сотта жұрттан алынған ақшаның бәрін қиындықсыз қайтарам дегенін айтты. Алайда, сенуден қалған бұқара енді Жоғары сотқа арызданбақ. Судья тергеуде бірқатар күдікті назардан тыс қалып қойғанын айтты. Олардың тағдыры алдағы сотта шешілмек.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында Назира gold ұсталған еді. Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйымдар тәркіленген.