Алматыда мектеп құрылысында заңбұзушылыққа жол берген компания лицензиясынан айырылды

Qaz365.kz редакциясы

Нысанға жоспардан тыс тексеріс жүргізілді

Алматы әкімдігі

Алматыда №174 мектепке жапсарлас ғимарат салу кезінде елеулі заңбұзушылықтарға жол берген «Құрылысшы-ТБС» компаниясы лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, нысанға жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында жобадан ауытқулар мен құрылыс нормаларының бұзылуы анықталған. Соның нәтижесінде «Құрылысшы-ТБС» ЖШС-нің лицензиясы кері қайтарылды.

Бұған дейін де Алматы әкімдігі бірқатар мердігер компанияларға қатысты қатаң шаралар қабылдаған болатын. Атап айтқанда, «AsiaMax» ЖШС (Әбіш Кекілбайұлы көшесіндегі кәріз жүйесін қайта жаңарту жобасы) және «СК 7 строй» ЖШС (білім және абаттандыру нысандарында жұмыс істеген) лицензияларынан айырылған.

Сондай-ақ техникалық қадағалау қызметін атқарған «Алатау сапа құрылыс» ЖШС асфальт опырылуына әкелгені үшін аккредитациядан айырылды. Ал «Аркада KZ» ЖШС Аманжол көшесіндегі жер опырылуына байланысты жауапкершілікке тартылды. Барлық компанияларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Бұған дейін әкімдік мемлекеттік сатып алуға қатысатын мердігер ұйымдарға қойылатын талаптарды қатайту жөнінде хабарлаған болатын. Мақсат – өз міндеттемесін орындамайтын, стандарттарды бұзатын, мерзімді созатын немесе тапсырысты үшінші тұлғаларға беретін компанияларды тендерлерден шектеу.