«Сот әділ шешім қабылдады»: Алика Мұхамадиеваның адвокаты үкімге пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы
Qaz365.kz

Қарағандыда ұлтаралық араздық тудырды деп айыпталған Алика Мұхамадиеваның қорғаушысы Тимур Солодуха сот үкіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Адвокаттың айтуынша, сот үкім шығару кезінде барлық жеңілдететін мән-жайларды ескерген.

«Сот заңды әрі, айтар болсам, әділ шешім қабылдады. Біз бастапқыда айыппұл немесе бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрадық. Алайда сот нақты мерзім беруді жөн көрсе, Қылмыстық кодекстің 74-бабын қолдануды сұрадық. Бұл бап әйелдің кәмелетке толмаған баласы болған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Сот осы өтінішімізді қанағаттандырды», – деді Тимур Солодуха.

Қорғаушының айтуынша, Алика Мұхамадиева үкімге шағым түсіруді жоспарлап отырған жоқ.

«Ең бастысы, ол бүгін баласына оралады. Біз үшін бұл бәрінен маңызды. Апелляция мәселесін талқыладық, бірақ шағым бермейміз деп шештік», – деп мәлімдеді адвокат.

Еске салайық, Қазыбек би аудандық соты 22 жастағы кәсіпкер Алика Мұхамадиеваны Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздық тудыру») бойынша кінәлі деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда сотталушының екі жасар баласы болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылды.