Жамбылда түнгі уақытта заңсыз жұмыс істейтін жасөспірімдер көбейгені анықталды: комиссия шара күшейтетін болды

Qaz365.kz редакциясы
Facebook/ Serik Salemov

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдалану мәселесі талқыланған комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Отырыста жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түнгі уақытта жұмыс істейтін балаларға қатысты заң талаптарының сақталуы негізгі тақырып болды.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің айтуынша, өңірде түнгі мезгілде жұмыс істейтіндердің басым бөлігі – студенттер, арасында мектеп оқушылары да бар.

Жұмыс уақытының кеш аяқталуы жасөспірімдердің қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болу қаупін арттырады. Бала қауіпсіздігіне ата-аналар тікелей жауапты. Сондықтан ата-аналар балаларының қайда, немен шұғылданып жүргенін бақылауы қажет, – деді ол.

Көбіне жасөспірімдер кәсіпкерлік нысандарда даяшы болып жұмыс істейді. Олар ақша табуды көздесе, жұмыс берушілердің барлығы бірдей Еңбек кодексінде көрсетілген талаптарды сақтай бермейді.

Комиссия отырысында құзырлы органдарға түсіндіру шараларын күшейту, тексерулер жүргізу және жасөспірімдердің түнгі еңбекке тартылуының алдын алу бойынша тапсырма берілді.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады. Жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Заң талаптарының қатаң сақталуы – уақыт талабы, – деді Серік Сәлемов.

Комиссия жастардың заңсыз еңбекке тартылу жағдайын азайту үшін ата-аналар мен жұмыс берушілерге жауапкершілікті күшейту қажеттігін ескертті.