Қазақстанның солтүстігінде қардың қалың түсуі мен көктайғақтың жиілеуіне байланысты республикалық трассаларда рұқсат етілген жылдамдық азайтылып, талапты сақтамаған жүргізушілерге айыппұл сала бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
ҚР қолданыстағы Жол қозғалысы ережелеріне сай, жеңіл көліктерге автомагистральдарда 140 км/сағ, арнайы бөлініс жолағы бар жолдарда 110 км/сағ, ал басқа бағыттарда 100 км/сағ жылдамдықпен жүруге рұқсат. Сонымен қатар, 10 км/сағ шамасындағы артық жылдамдық айыппұлға жатпайды.
Дегенмен, қыс маусымы басталғалы бірқатар өңірде жолдардағы ең жоғары жылдамдық уақытша 80 км/сағ деңгейіне төмендетілді. Бұл шектеулер ауа райы ашық әрі жайлы күннің өзінде де бірден алына бермейді. Өзгерістер жүргізушілерге жол бойындағы электронды ақпараттық тақталар арқылы көрсетіледі.
Алайда кейбір жүргізушілер жол қардан тазартылған соң, бұрынғы жылдамдыққа қайта рұқсат берілді деп ойлап, жылдамдықты арттырып жібереді. Соның салдарынан оларға 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынып жатыр (ҚР ӘҚБтК 592-бабы).
«ҚазАвтоЖол» өкілдері камералар енгізілген жаңа шектеулерге автоматты түрде көшіп, шектеу алынғанда бұрынғы режимге қайта оралатынын атап өтті.