Алматыда 21 жастағы ер адам діни бірлестіктер туралы жарияланымның астына жарылыс жасаймын деген мазмұндағы пікір қалдырғаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz Алматы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Хабарлама бойынша шағым «102» пультіне түскен. Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктінің тұлғасын жылдам анықтап, оны бөлімшеге жеткізген.
Басқарма басшысы Асхат Дәулетияровтың айтуынша, мұндай әрекеттер елеусіз қалмайды.
«Интернетте жазылған кез келген қорқыту немесе жарылыс жайлы “әзіл” шынайы қауіп ретінде қарастырылады. Мұндай жазбалар ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Әрбір осындай факт мұқият тексеріліп, кінәлілер заң алдында жауап береді», – деді ол.
Полиция өкілдері азаматтарға қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін жазбалар мен пікірлердің қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.