Прокурор соттан ең қатаң жаза тағайындауды сұраған болатын
Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот шешімімен Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот анықтағандай, айыпталушылар қылмысты алдын ала келісіп, өз әрекеттерінің ауыр және қоғамға қауіпті екенін біле тұра, адам өлтіруге барған. Іс материалдарында олардың қылмысқа дейін әрекеттерін жоспарлап, қылмыстан кейін ешқандай өкініш білдірмегені көрсетілген.
Прокурор 13 қарашада соттан екеуіне де ең қатаң жаза тағайындауды сұраған болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, қызбен кездесіп жүрген Хайржанов пен оның танысы Катимов 2024 жылдың қазан айында Легкодимованы өлтіріп, денесі мен телефонын өзенге тастаған. Құқық қорғау органдары марқұмның денесін анықтау үшін сегіз ай жұмыс жүргізген.
Сот сонымен қатар жәбірленушінің анасының азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Үкімге сәйкес, айыпталушылар 1,955 млн теңге көлемінде материалдық шығынды және әрқайсысы 15 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.