Белсенді өз жазбасын өшірмейтінін мәлімдеді
Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаған әртістердің Қазақстанда концерт өткізуіне қарсы шыққан қоғам белсендісі Аида Жексенова Астанада полицияға шақырылғанын хабарлады. Бұл туралы ол өз Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Белсендінің айтуынша, оны Астана қалалық полиция департаментінің экстремизммен күрес бөліміне шақыртқан. Себеп – оның қыркүйек айында Ресей әншісі Тиматидің концертіне бойкот жариялауға шақырған жазбасы.
«Кеше кешке полицияға шақырды. Ресей жұлдыздарының концертін ұйымдастыратын Алексей Пучков арыз түсіріпті. Ол менің “Тиматидің концертіне билет сатып алмаңыздар. Соғысты қаржыландырмаңыздар” деген жазбамды дәлел ретінде тіркеп, 174-бап белгілерін көріпті», – деп жазды Аида Жексенова.
Белсенді Алексей Пучковтың бұл әрекетін қысым көрсету талпынысы деп бағалады.
«Ол Z-әртістердің концерт өткізуіне ешкім кедергі келтірмеуін қалайды. Бірақ Қазақстан — Ресей емес. Мұнда азаматтардың “жоқ” деуге құқығы бар. Полиция бизнес өкілдерінің сұрауы бойынша қысым жасау тетігіне айналмауы керек», – деді ол.
Аида Жексенова өз жазбасын өшірмейтінін мәлімдеп, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан бұл мәселеге араласуды сұрады. Сондай-ақ журналистер мен қоғам белсенділерін үнсіз қалмауға шақырды.
Қазіргі уақытта Астана қалалық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, Ресей әншісі Тимати 27 қарашада Алматыда, 28 қарашада Астанада концерт өткізуді жоспарлап отыр. Іс-шаралар «Алматы Арена» және «Барыс Аренада» өтпек.
Тимати 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық қолдап, бірнеше рет саяси мәлімдеме жасаған. Ол 2015 жылы «Ең жақын досым — Путин» атты әнімен де белгілі.
Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар Тиматидің концертіне қарсы шығып, петиция жариялаған және «Қарсымыз!», «Концерті өтпесін!» деген үндеулер таратқан.