Алматы қаласында «Заң мен тәртіп: медиацияның қоғамдағы маңызы» атты конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шара Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылған «Медиация институтын дәріптеу және дауларды шешу бойынша іс-шаралар кешені» жобасының қорытынды кезеңі ретінде өтті.
Жобаның негізгі мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, медиация институтын дамыту, дауларды бейбіт жолмен шешудің баламалы тәсілдерін насихаттау және азаматтар арасында келісімге келу мәдениетін қалыптастыру.
Конференцияға қала прокуратурасы мен полиция департаментінің өкілдері, кәсіби медиаторлар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Кездесу барысында медиацияның қоғамдағы рөлі мен тиімділігі, құқықтық мәдениетті нығайту тетіктері және әртүрлі сала мамандарының тәжірибелері талқыланды. Қатысушылар арасында пікір алмасу және сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, медиация арқылы дауларды шешудің нақты мысалдары қарастырылды.