«Дикий Арманның» апелляциясы қаралды

Qaz365.kz редакциясы
Kursiv.media

Алматы қалалық соты Арман Жұмагелдиевке (Дикий Арман) қатысты апелляциялық шағымдарды қарап, алғашқы соттың үкімін күшінде қалдырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Соттың мәліметінше, шешім апелляциялық алқада қаралғаннан кейін қабылданған. Осылайша, Жұмагелдиевке шығарылған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды.

Арман Жұмагелдиев 2022 жылдың 7 қаңтарында Алматыда өзімен бірге болған тағы бес адаммен бірге ұсталған. Бас прокуратураның дерегінше, ол Қаңтар оқиғалары кезінде адамдарды ұрлау және заңсыз әрекеттерге қатысы бар деген күдікке ілінген.

Аталған қылмыстық іс бойынша барлығы 45 адам сот алдында жауап берді. Оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару, тонау, заңсыз бостандықтан айыру, қызмет өкілетін асыра пайдалану, жаппай тәртіпсіздікке қатысу және бандитизм баптары бойынша айып тағылған.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 27 қаңтарда Арман Жұмагелдиев алғаш рет сот үкімімен 20 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.