Павлодар облысының әкімі туған әпкесінің қамауға алынғанына қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы
әлеуметтік желіден

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов туған әпкесі Айгүл Байханованың әкімшілік қамауға алынуына қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Еске салайық, 4 қараша күні Екібастұзда полиция қызметкерлері әйелді мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұстаған. Медициналық сараптама оның жеңіл дәрежеде алкогольдік мас болу күйінде болғанын растаған.

Сот Айгүл Байхановны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын тағайындаған.

Сотта Байханова көлік басқармағанын, тек тұрақтағы автокөлікте отырғанын айтқанымен, бұл уәждер дәлел ретінде қабылданбаған.

Оқиғаға қатысты облыс әкімі Threads әлеуметтік желісінде түсініктеме берді.

«Біздің мемлекет заң мен тәртіп үстемдігін негізгі қағида етіп таңдаған. Сондықтан барлық азамат сот алдында тең. Менің әпкем де, отбасымның басқа мүшелері де бұл қағидадан тыс емес», — деп жазды Байханов.

Қоғам өкілдері бұл жағдайда екі жайтқа:

– полиция мен сот шешімі шенеуніктің туысы екенін ескермей, заң аясында әділ шешім қабылдағанын;
– ал әкімнің іске араласпағанына назар аударды.