Алматы облысында «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы өтті

Qaz365.kz редакциясы
Алматы облысының әкімдігі

2025 жылғы 3 желтоқсанда Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Алматы облысының жастарына арналған «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Форум жұмысына Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев, облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мейрам Жұмкенұлы Әбікеев, спортшылар, қоғам белсенділері, жастар және танымал блогерлер қатысты. Модератор қызметін актер, блогер Марселен Камате атқарды.

Өз сөзінде облыс әкімі жастардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыру қоғамның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі тапсырмалары аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, «Парыз еріктілері» қоғамдық бірлестігінің «Сақтан» жобасы шеңберінде 1000-ға жуық заңсыз есірткі жарнамасы жойылды, 35 тақырыптық семинар өтіп, жастарға 600-ден астам ақпараттық материал таратылды. Сонымен қатар 40 бейнематериал жарияланып, тікелей эфирлер, 100 ақпараттық іс-шара және 70-тен астам түнгі рейд ұйымдастырылды.

Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев өңірде есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың күшейтілгенін, соңғы жылдары тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі он есеге артқанын мәлімдеді. Жыл бойы бес есірткі зертханасы анықталып, 10 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Сондай-ақ департамент жанынан профилактикалық кеңес құрылып, жастармен, білім беру ұйымдарымен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп жатыр.

Форум барысында нашақорлыққа қарсы іс-шараларға белсене атсалысқан жастар марапатталып, профилактикалық кеңес құрамына жаңа мүшелер қабылданды. Марапатталғандардың бірі – зиянды әдеттерге қарсы түсірілген фильмге қатысып, полиция қызметкерінің образын сомдаған блогер Абзал Ғарифуллин.

Шара аясында ҚР ІІМ Кинологиялық орталығы қызметтік-іздестіру иттерінің қойылымын көрсетті. Форумның сыртқы бөлімінде жедел әрекет ететін арнайы жасақ жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін және қарулы қылмыскерді құрықтау бойынша жаттығуларын көрсетіп, арнайы техникамен таныстырды.

Іс-шара жастардың салауатты өмір салтын ұстану, қауіпсіз орта қалыптастыру және есірткіге қарсы иммунитетін нығайту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып өтті.