Қазақстанда мемлекеттік цифрлық сервистерге кіру тәртібі жаңартылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, бұрынғы жүйедегі осалдықтарды пайдаланып келген телефон алаяқтарына қарсы қорғанысты күшейтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін кейбір сервиске кіру үшін азаматтың телефон нөмірін білу және 1414 нөмірінен жіберілген SMS-кодты қолға түсіру жеткілікті болатын. Алаяқтар дәл осы тәсілді пайдаланып, азаматтардың жеке кабинеттеріне енуге және мемлекеттік қызметтерге рұқсатсыз қол жеткізуге тырысқан.
Министрліктің мәліметінше, енді 1414 SMS-шлюзі арқылы авторизация қосымша тексеру тәсілдерімен қорғалған. Қызмет түріне байланысты:
биометрия (Face ID),
электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ),
немесе eGov QR-код
міндетті түрде қолданылады.
Желтоқсан айынан бастап жаңа қауіпсіздік талаптарын енгізбеген барлық платформа 1414 шлюзінен ажыратылды.
Министрлік жаңартылған авторизация жүйесі алаяқтық әрекеттерінің айтарлықтай азаюына және мемлекеттік онлайн-қызметтер пайдаланушылары үшін қауіпсіздіктің күшеюіне ықпал етеді деп отыр.